Жиында әлеуметтік кәсіпкерлікке мемлекет, партия тарапынан қолдау көрсету механизмдерін талқылау жоспарланған.
«Биыл партияның қалалық филиалы кәсіпкерлікке қолдау көрсету кеңесінің жұмысын қайта қарады және құрамын өзгертіп, табысты кәсіпкерлерді шақырды. Дәл осы кеңес аясында әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы форумын өткізу бастамасы көтерілді. Тәжірибелі кәсіпкерлер өз ісін жаңа бастаған жастарға өз ақыл-кеңестері мен қаржылай көмек беруге уағдаласты», - дейді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.
Оның айтуыншак, қазіргі уақытта Астанада 50-ге жуық әлеуметтік кәсіпкерлер бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарды, ата-ана қарауынсыз қалған балаларды жұмысқа алып, әлеуметтік, экологиялық мәселелерді шешуге тырысып жүр.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік Еуропа мен Ресейде және әлемде жақсы үрдіске айналған. Және біздің елімізде енді қалыптасып келе жатыр. Бүгін ұйымдастырылған алғашқы форумда да әлеуметтік кәсіпкерлікке мемлекет, партия тарапынан қолдау көрсету механизмдері талқыланбақ. Консультативтік ғана емес, қаржылай қолдау көрсету тақырыбы да көтеріледі», - деді партия өкілі.