10:59, 21 Сәуір 2009
Астанада әлеуметтік жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстанда Жергілікті қоғамдастықтар қорын құру мәселесі талқылануда
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/- Бүгін Орталық Азияның Еуразиялық қоры (ОАЕҚ) Астана қаласындағы Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығында «Қазақстанда жергілікті қоғамдастықтар қорын (ЖҚҚ) құру және оны дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл шара «Қазақстандағы жергілікті қоғамдастықтардың қоры» ақпараттық туры аясында өтті. Ақпараттық турдың мақсаты ? ЖҚҚ-ның тиімді даму тәжірибесін көпшілікке жеткізу және оны Қазақстанның барлық аумағында құру. Оның шеңберінде Астанадан бөлек, Орал, Ақтөбе және Шымкент қалаларында таныстырылымдар жасау көзделіп отыр. ОАЕҚ-ның атқарушы директоры Ринат Темірбековтың атап көрсеткеніндей, ЖҚҚ - әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсатында қайырымдылық қаржыларды жинаумен және оларды конкурстық негізде ынталы азаматтық топтар мен коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар арасында үлестірумен айналысатын, белгілі бір аумақта жұмыс істейтін қоғамдық ұйым. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының ЖҚҚ директоры Бахытгүл Елшібаеваның айтуынша, жергілікті қоғамдастықтар қоры қарапайым азаматтардың, бизнесмендер мен шенеуніктердің өзара әрекет етуінің жаңа мәдениетін қалыптастырады. ЖҚҚ-ның үлгісі өзінің тиімділігін Қазақстанда да дәлелдей алды. Еңбекшіқазақ ауданының Жергілікті қоғамдастықтар қоры соңғы екі жылда әртүрлі көздерден 13 миллионнан астам теңге жинап, 9 әлеуметтік жобаны қаржыландырды. ЖҚҚ-ға қаржылар әртүрлі көздерден жиналады. Олардың ішінде бизнестің, мемлекеттің (жергілікті және республикалық бюджеттің, сондай-ақ министрліктер мен ведомстволардың, президенттің), жеке тұлғалардың, ресейлік және шетелдік донорлардың үлестері бар. Сонымен қатар қорлар басқа да коммерциялық емес ұйымдар тәрізді өз бетінше табыс та таба алады.