Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы зор тауарлар бағасының өсу қарқынын тежеу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сауда және интеграция министрлігі өңірлердегі әлеуметтік маңызы зор тауарларға баға белгілеу мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді. Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңымен әлеуметтік маңызы зор тауарларға шекті сауда үстемесінің мөлшері енгізілген, сатушының маржасы өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушіден сатып алу бағасынан 15%-дан аспауы керек.
Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін 305 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданды, оның 40-ы 3 миллион 205 мың теңге көлеміндегі айыппұл төледі. Айыппұлға іліккен ірі сауда нысандарының ішінде елордадағы «Вкусмарт», «Galmart», «Астықжан» және «Десткий мир» сауда желілерінің дүкендері бар.
«Жергілікті атқарушы орган мен Департамент сауда субъектілері арасында әлеуметтік маңызы зор тауарлар баға саясатына қатысты заң талаптары бойынша тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді»,-делінген хабарламада.