Астанада әлеуметтік осал топтарға қандай көмек көрсетіледі

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту, материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, жұмыс орындарын құру және азаматтарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. 

2025 жылы әлеуметтік қолдаумен 200 мыңнан астам адам қамтылады.

Оның ішінде:

35 706 — көпбалалы отбасылар;
7 510 — «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген көпбалалы аналар;
7 346 — әлеуметтік аз қамтылған азаматтар;
127 029 — жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнеткерлер;
38 009 — мүмкіндігі шектеулі жандар;
11 422 — ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар.

Аталған санаттағы азаматтарға мынадай көмек түрлері көрсетіледі:

* тегін жол жүру және «Инватакси» қызметін пайдалану;
* көмір сатып алу және коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу;
* протездік-ортопедиялық көмек, мүгедектер арбасы, тифло- және сурдоқұралдар беру;
* қажетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету;
* тіс протездеу;
* санаторий-курорттық емдеу;
* жеке көмекші және ым-ишара тілі маманының қызметін ұсыну.

Бұдан бөлек, 586 аз қамтылған отбасы тұрғын үй көмегін алды. Әлеуметтік мәні бар аурулары бар 1 150 адам тоқсан сайын және ай сайын төленетін әлеуметтік төлемдермен қамтылды.

15 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмекпен бас бостандығынан айрылған жерден шыққан 228 азамат қамтылған.

Көпбалалы отбасылардың балаларына гранттар бөлінеді. Биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша 142 адамды оқыту жоспарланып отыр, оның ішінде жаңа оқу жылында мектеп бітірген 54 түлек бар.

Қалада бүгінгі күні 127 029 зейнеткер, 38 009 мүмкіндігі шектеулі азамат бар, олардың ішінде 10 869-ы — балалар. Осы санаттағы 91 отбасыға үйлерді газдандыру шығындарын өтеу үшін 130 АЕК көлемінде өтемақы төленді.

Тегін жол жүру мүмкіндігімен 200 мыңнан астам адам қамтылса, тұрғын үй көмегін 586 отбасы алды.

Сонымен қатар, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға әлеуметтік сүйемелдеу көрсетіп, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек береді. Сондай-ақ, ЦКС деректері негізінде FSM «Social» мобильді қосымшасын пайдалана отырып, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. 

Айта кетелік 260 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алды