Астанада алғаш рет екі ірі мұражайдың бірлескен көрмесі ашылды

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанадағы Қазіргі өнер мұражайында ЕҚЫҰ Саммиті аясында «Қазақстанның бейнелеу өнерінің қазынасы» атты көрме-вернисаж өз жұмысын бастады.

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы мен Қазіргі өнер мұражайының бірлескен көрмесінде еліміздің ұлттық қазынасына айналған ең үздік деген 120 бейнелеу өнерінің туындылары қойылып отыр. Әбілхан Қастеев, Әубәкір Исмаилов, Абрам Черкасский, Қанафия Телжанов, Хәкімжан Наурызбаев, Молдахмет Кенбаев, Жанатай Шарденов, Айша Ғалымбаева және тағы басқа отандық бейнелеу өнерінің тарландары салған туындылар Астана қаласында өткелі отырған ЕҚЫҰ Саммиті аясындағы арнайы көрмеге шығарылды.

«Бұл ерекше көрме. Себебі оны көрген адам Қазақстанның бейнелеу өнерінің даму тарихына тереңдей бойлай алады. Біз бұл көрме арқылы шетелден келетін қонақтарға Қазақстанның бейнелеу өнерінің 80 жылдық тарихын барынша көрсетуге тырыстық. Алдағы үш айда біздің көрмеміздің барлық астаналықтарға берер эстетикалық әсері мол болады деп сенеміз», - дейді Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары Еркін Нұразхан.

Айта кетейік, көрменің демеушісі - «Қазкоммерцбанк» АҚ. Вернисаждың авторы - Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы мен Қазіргі өнер мұражайының Көрмелер және экспозициялар ғылыми орталығының жетекшісі Анжела Ақылбекова.