Астанада алғаш рет «Қамқоршы күні» мерекесі атап өтіледі

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - 29 қазанда Политехникалық колледжде «Балаларға жылу сыйла» акциясы аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерді қамқорлығына алған азаматтарға арналған «Қамқоршы күні» өткізіледі. Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық Білім басқармасынан хабарлады.

Аталған іс-шараға 70 қамқоршы (қорғаншы) және олардың отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балалар қатысады.

Мереке қайырымдылық жасауға, айналадағыларға назар аударуға, көмекке даяр болуға, сүйенішті қажет еткендердің бәріне қолдау көрсетуге және бір-біріне қамқор болуға бағытталады. Акция барысында байқаулар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады, сыйлықтар беріледі, қамқоршыларға ерекше құрмет көрсетіледі. Іс-шараның мақсаты - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерді тәрбиелеп жатқан азаматтарды қолдау, баланы отбасына алуды қалайтын азаматтардың санын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Айта кетейік, «Қамқоршы күні» мерекесі - Қазақстанның тарихындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерді қамқорлыққа алған азаматтарға арналған алғашқы қайырымдылық іс-шара.