Астанада алғаш рет Қазақстан-Корея медициналық семинары өтуде

None
АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордадағы «Думан» қонақүйінде «Патологиялық жағдайлар терапиясында жаңа және дәстүрлі технологияларды қолдану тәжірибесі» тақырыбындағы I-ші Қазақстан-Корея семинары өтуде.

Семинарды ашқан ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының бастығы Алексей Цой атап көрсеткендей, іс-шара Кореядағы Қазақстан жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Оған Корея елінің Денсаулықты дамыту жөніндегі мемлекеттік ұйымының мамандары қатысуда. «Бұған дейін Медициналық орталық пен Кореяның Денсаулықты дамыту жөніндегі мемлекеттік ұйымы арасында ынтымақтастық меморандумы рәсімделген болатын. Бүгін, міне, Кореяның жетекші клиникалары мен ғылыми-зерттеу орталықтары кіретін аталған ұйымның өкілдері Қазақстанға келіп, өз тәжірибелерін ортаға салуда. Біз осы ұйым арқылы Кореяның медицина саласындағы кәсіби мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отырмыз», - деді А.Цой. Орталық басшысының айтуынша, соңғы жылдары Корея елі ұсынған гранттардың арқасында қазақстандық мамандар өздерінің кәсіби шеберліктерін шыңдап алды.