Астанада алғаш рет Нартай Бекежанов атындағы республикалық әнші-жыршылар байқауы өтеді

None
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Мамырдың 19-20-сы күндері Астана қаласында Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Шабыт» концерттік залында «Өздерің білер - Нартаймын!» атты республикалық әнші, жыршылар конкурсы өтеді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігі баспасөз қызметінің мәліметінше, байқау Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында және «Астана - түркі әлемінің астанасы» болып жариялануына орай ұйымдастырылып өткізіледі.

Аталмыш шараны өткізудегі басты мақсат - XX ғ. қазақ өнері мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі, әнші, жыршы, ақын, сазгер Нартай Бекежанұлының (1890-1954) шығармашылығын насихаттау, жас ұрпақтың Ұлттық дәстүрлі өнерге деген ынта-ықыласын ояту және Нартай  Бекежанұлының шығармашылық тұлғасын жаңа қырынан тануға жол ашу.  

Байқау бағдарламасының талабына сәйкес әрбір қатысушы Нартай Бекежанұлының 6 әні мен шығармасын орындауы тиіс. Нартай Бекежанұлының замандастары: Тайжан, Шашубай, Майра, Кенен ақынның озық ән үлгілерін сырнай мен домбырада орындау конкурс талаптарына сай тең дәрежеде бағаланады.

Конкурстың соңында жеңімпаздардың қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылады.