Астанада алғаш рет Волонтерлер саябағы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада волонтерлік қозғалысты қолдауға бағытталған бірқатар жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Соның аясында елордада алғаш рет Волонтерлер саябағын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ басшысы Шыңғыс Тілеулин айтты.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, скверді Сарыарқа ауданында ашу ұсынылып отыр.

– Қазіргі уақытта саябақты Сарыарқа ауданында ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Себебі бұл ауданда волонтерлік ұйымдар көбірек шоғырланған, - деді спикер.

Сондай-ақ ол Волонтерлердің халықаралық жылы аясында елордада дәстүрлі «Volunteer Fest» фестивалі өтетінін айтты. Іс-шара 5 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық волонтерлер күніне орай ұйымдастырылады. 

Оның айтуынша, жыл сайын «Астана жастарының» еріктілері 150-ге жуық қалалық және халықаралық іс-шараға қатысып, Қазақстанда еріктілік мәдениетін дамытуға үлес қосып келеді.

– Мәселен, 2025–2026 жылдары еріктілердің қатысуымен BizBirgemiz, «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», Taza Alem, Stop Vandal және басқа да жобалар аясында 1200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік пен ыстық тамақ жеткізуге, аулаларды қардан тазартуға, экологиялық акциялар өткізуге, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына қатысып, тыйым салынған заттардың жарнамаларын жою және тұрғындарға қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысты, - деді Шыңғыс Тілеулин.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Волонтерлердің халықаралық жылы деп жариялаған болатын.