Астанада алғаш рет «World Beauty-2016» фестивалінің гранд финалы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы 2-6 қараша күндері Астана қаласы әкімдігі, Пьер Кардэн сән үйі, «Ералаш» кино-журналының қолдауымен «Бейбітшілік және келісім сарайында» «World beauty - 2016» Сән және сұлулық фестивалінің гранд финалы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фестиваль аясында Miss и Mister (жас ерекшеліктері бойынша), Super model, Best designer, Best talent, Best make-up artist сайыстары өтпек. 3-4 қараша күндері конкурстық күндер аясында қатысушылар өз таланттары мен сән жетістіктерін паш етеді.

Ал, 5 қарашада марапаттау шарасы өтеді. Конкурсанттарды қазақстандық және ресейлік сән үйлерінің басшылары мен шығармашылық директорлары бағалайды. «World Beauty-2016» фестивалі байқаулармен ғана емес, сұлулық индустриясының соңғы сән үлгілерін паш ететіндігімен де танымал. Келісті бойжеткендер, әсем көйлектер, көздің жауын алатын бұйымдар, сән әлемінің талғампаз қонақтары - барлығы фестиваль аясында болады.

«World Beauty-2016» былтыр Вьетнамда өткен еді, биыл бұл мәртебеге Қазақстан қол жеткізді. Айта кету керек, фестивальдің гранд финалын өткізуге Ресей, Италия, Нью-Йорк өтініш берген. Кілең мықтының ішінен Астана осы фестивальді қабылдауға лайық деп танылды. Фестивальге қатысу үшін әлемнің 20 мемлекетінен дизайнерлер келеді деп күтілуде.

«Биыл біз «сәнді астаналық гардеробқа» арналған қызықты шешімдерді ерекше күтіп отырмыз, бізді әлемнің әр түкпірінен келген дизайнерлер таңдай қақтырады деп сенеміз. Әрине, көрменің шығармашылық ауқымы тек біздің қаламен, біздің елмен шектелмейді, шара кезінде сіздер әлемдік сән өнерінің жаңа ағымдарынан қаныға аласыздар. Қазір не сәнді, не әдемі деген сұраққа жауап іздеп жүрген талғампаз жандар «World Beauty-2016» сән және сұлулық фестивалінің гранд финалына келіңіздер», - дейді аталмыш фестивальдің ұйымдастырушысы - «Іңкәр сезім» Этно Студиясының басшысы Гүлнәр Жүнісова.