ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, WPC Energy делегациясын қарсы алған министр Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік, тұрақты даму, технологиялық инновациялар және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері бойынша диалог жүргізуге арналған жетекші халықаралық алаңдардың бірі ретінде ұйыммен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар алдағы Конгреске дайындық барысын қарастырды. Аталған Конгресс тарихта алғаш рет Орталық Азия өңірінде өтетін болады.
Қазақстан бұл форумды ірі халықаралық іс-шара ретінде ғана емес, сонымен қатар сенімді энергетикалық серіктес және жаһандық энергетикалық диалогтың маңызды қатысушысы ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік ретінде қарастыратыны атап өтілді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады және 2028 жылы Астанада өтетін WPC Energy Дүниежүзілік энергетикалық конгресі халықаралық энергетикалық қауымдастық үшін маңызды оқиға болатынына сенім білдірді.
Осыған дейін Қазақстан ЕАЭО-ның ортақ энергетикалық нарығына қатысты ұстанымын жариялаған болатын.