Астанада алғашқы мамандандырылған самокат тұрағы қалай жұмыс істеп тұр

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың Нұра ауданында алғаш рет электрсамокаттарға арналған мамандандырылған тұрақтар пайда болды. Осы орайда жүйе қалай жұмыс істейді? Арнайы тұрақ бейберекет тасталған самокаттар мәселесін шешуге қалай септігін тигізіп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға Q88 Тұрақты даму аумақтары қауымдастығының өкілі жауап берді.

Бүгінде Астанада бірнеше ірі кикшеринг қызметі жұмыс істейді. Электрсамокаттардың жалпы саны компаниялар бойынша мынадай:

— Whoosh — 3 400 самокат;
— JET — 2 600 самокат;
— Яндекс Go — 1 600 самокат.

Q88 қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Жанат Чүкеевтің айтуынша, жоба азаматтардың көптеген шағымынан соң қолға алынды. Тротуар мен жол бойына тасталған самокаттар жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, апатқа себеп болып жатыр. 

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Пилоттық жоба аясында Нұра ауданында самокат ең көп шоғырланған 10 нүкте таңдалды. Негізінен сауда орталықтары, қоғамдық саябақтар мен жаяу жүргіншілер көп жүретін аумақтардың маңы.

— Аудан әкімдігі және кикшеринг компанияларымен бірлесіп адам жиі жүретін жерлерде арнайы жол белгілері мен тұрақ аймағын білдіретін сызбалар орнатылды. Енді сапарды тек белгіленген орында ғана аяқтауға болады, — деп түсіндірді Жанат Чүкеев.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бұған дейін самокатты тек қосымшада белгіленген «виртуалды аймақтарға» қоюға болатын. Алайда GPS жүйесі дәл бола бермейді де, пайдаланушы самокатты тротуардың қақ ортасына немесе ғимараттың алдына тастап кетсе де, картада дұрыс тұрақталған болып көрінеді.

— Виртуалды аймақтар — бұл бірнеше шаршы метр аумақ. Бірақ, самокатты аумақ ішінде бейберекет тасталып кетуі мүмкін. Сондықтан біз нақты белгілер мен жол сызбалары бар физикалық тұрақ енгіздік. Бұл пайдаланушыларды визуалды түрде бағыттап, тәртіп мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді, — деді қауымдастық өкілі.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның айтуынша, енді пайдаланушы белгіленбеген аумақта жалдауды аяқтай алмайды, ал самокат арнайы тұраққа қойылмайынша, төлем жалғаса береді. Тек техникалық ақау шықса, мысалы, батареяның таусылып қалуы сияқты жағдай қарастырылған. Ол кезде техникалық қолдау қызметіне хабарласу қажет.

Ереже бұзылған жағдайда пайдаланушыға ескерту және айыппұл жіберіледі. Егер бұзушылық жүйелі түрде қайталанса, аккаунт бұғатталуы мүмкін.

— Кикшеринг компанияларында арнайы «скаут» жұмыс істейді. Олар күн сайын көшелерді патрульдеп, тәртіпті тексеріп, қажет болған жағдайда самокаттарды қайта орналастырады, — дейді Жанат Чүкеев.

Аталған жұмысқа iKomek жедел әрекет ету және мониторинг орталығы да қосылады. Орталықта жаңа өтініш классификаторы әзірленіп, операторлар самокат тұрақтары бойынша шағымды жылдам өңдеуге үйретіледі.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Бақылау iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы, аудандық әкімдік, Астана қаласының жол полициясы және кикшеринг компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылады. Мессенджерлерде жобаның барлық қатысушысы нақты уақыт режимінде тәртіп бұзушылық туралы ақпарат алмасатын жұмыс тобы құрылды. Мұндай тәсіл түскен шағымға жедел әрекет етіп, жұмысты оңтайландыруға мүмкіндік береді. Нәтижесі де байқалып жатыр. Біздің мәліметке сай, бейберекет қойылған самокаттар саны 80–90%-ға азайды, — деді Q88 қауымдастығының өкілі.

Қазір аталған бастаманы елорданың басқа аудандарына да кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда жобаны жүзеге асыру үшін қосымша қаржы ресурсы қажет.

Еске сала кетсек, елордада алғаш рет электросамокаттарға арналған арнайы тұрақтар ашылатыны туралы биыл сәуірде белгілі болды. 

Айта кетейік, Қазақстанда электросамокаттарға нөмір тағу міндеттелуі мүмкін