Астанада алғашқы қазақстандық зомби-триллердің көрсетілімі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Good Fellas. Cinema & Lounge» кино клубында тілшілерге арнап «Өліктермен селфи» атты алғашқы қазақстандық зомби-триллердің көрсетілімі болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, фильм кинотеатр экрандарына 14 сәуірден бастап шығады. Бұл лентада зомби-апокалипсис жайында баяндалады, яғни оған Астанадағы аса құпиялы зертханадан таралған вирустың салдарынан адамзатқа төнген қатер арқау болып отыр. Туындының басты кейіпкері Асан есімді азамат вирус жұқтырған баласын құтқаруға тырысады.

Тілшілерге картинаны продюсер Ермек Шахмет, режиссер Дәулет Әуелбеков, сондай-ақ Наргиз Рашиденова, Камила Нүсіпова, Абылай Ибрайұлы секілді актерлер таныстырды.

«Сюжеті бойынша барлық зомби-фильмдер  бір-біріне ұқсас келеді. Бірақ та олардан бір ерекшелігі - біз ондағы оқиға желісін еліміздің аумағында болғандай етіп, осындағы жағдайға бейімдеуге тырыстық. Бұл туынды негізінен жастарға қызықты болуы үшін түсірдік»,-дейді Е. Шахмет. 

Е. Шахметтің сөзіне қарағанда, түсіру тобы фильмнің екінші бөлімін түсіруді жоспарлап отыр.

«Екінші бөлімнің сюжеті әзірге құпия. Енді біз Алматыдағы оқиға желісін көрсеткіміз келеді. Менің ойымша, біз онда қызықты сәттерді көбірек қамтитын боламыз. Қазіргі кезде сценариін аяқтауға жақындап қалдық, яғни мамыр айының соңына қарай фильмді түсіруді бастаймыз деген ойдамын», -деп түйді сөзін продюсер.