Астанада алимент берешегі бар 150 борышкерге құмар ойын ойнауға тыйым салынды

Фото: Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда прокуратурасы алимент төлей алмай жүріп, құмар ойынға қомақты қаржы салғандарды анықтап, оларға тыйым салды. 

«Талдау нәтижесінде 150 борышкер балаларына 350 млн теңге қарыз бола отырып, құмар ойындарға қатысқаны анықталды. Биыл 2,5 млн теңге алимент берешегі бар борышкер букмекерлік кеңсе арқылы 80 млн теңгеге құмар ойындарға қатысқан. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша жеке сот орындаушылары 150 борышкерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салды», - делінген қалалық прокуратура таратқан хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, тыйым борышкерлердің ақшаны орынсыз жұмсауына жол бермейді. 

«2024 жылғы 9 қыркүйекте күшіне енген Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, елорда прокуратурасы ойын бизнесінің ұйымдастырушыларына борышкерлерді құмар ойындарға қатыстырмауға шақырады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 444-бабына сәйкес, аталған заңнамалық талаптарды сақтамаған жағдайда айыппұл салу, ал қайталанған бұзушылықтар үшін – лицензияның күшін тоқтату түрінде жаза қарастырылғанын еске саламыз», - дейді елорда прокуратурасынан. 

Бірер күн бұрын СҚО прокурорлары алимент төлей алмай жүріп, құмар ойынға қомақты қаржы салғандарды анықтаған еді.