Астанада алимент төлеуден қашып жүрген 170 борышкер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда прокуратурасы электронды әмияндарында айналымы 300 млн теңгеден асатын алимент төлеуден жалтарған 170 борышкерді анықтады. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлім етті.

Фото: Астана қаласының прокуратурасы

Осылайша, бір ғана борышкер алимент бойынша 3,5 млн теңге қарызы бола тұра, өз әмиянын 6 млн теңгеге толтырған.

«Алимент өндірудің осы және басқа да түйткілді мәселелері қала прокуратурасының алаңында уәкілетті органдар мен жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде талқыланды» - делінген хабарламада.

Қадағалау актісі бойынша уәкілетті орган жасырын кірістерді балалардың пайдасына өндіру бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Бүгінде борышкерлер 20 млн теңге қарызын өтеп үлгерді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.