Астанада алименттен жалтарып жүрген шенді-шекпенділер жоқ - Прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының прокуратурасында «Алимент берешегін азайту» жобасы таныстырылды.

Қалалық прокуратура қызметкерлерінің хабарлауынша,  Астана қаласында алимент төлеуші 19 мың азамат тіркелген. Барлығы 29 мың бала алимент алуы тиіс. Бірақ, қазіргі жағдай бойынша, қалада жеті мың бала әкелерінен көк тиын ала алмай жүр.

Ал, «ҚазАқпарат» тілшісінің сұрағына жауап берген қалалық прокуратураның Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының басшысы Берік Адамов,  алимент төлемей жүрген әкелердің арасында шенеуніктер мен саясаткерлер жоқ екенін мәлім етті.

«Астана қаласы бойынша алимент төлемей жүрген шенеуніктер, саясаткерлер, болмаса тағы басқа атақты адамдар жоқ. Мониторинг жүргізе отырып, бұндай оқиғалардың жоқ екенін анықтадық»,-дейді ол.

Б.Адамов дегенмен бір жағдайды айтып берді. «Баласына 1,5 млн. теңге алимент қарыз болған бір азаматтың мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдадық. Мүлкі бұл қаражаттан әлдеқайда қымбат екенін түсінген әке, келісімге келе отырып, бірден алимент төлеп берді»,-дейді Б.Адамов.

Прокурор хабарлап өткендей, шенеуніктерден басқа, Астана қаласы бойынша баласына алимент төлемей жүрген аналар да жоқ.