Көлік тоннелі Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі аралықты жалғамақ.
Бүгінде аумақта инженерлік желілерді көшіру, аумақты дайындау және бұрғыланған қадаларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Бүгінгі таңда құбыр төсеу және траншеяларды құммен кері көму бойынша технологиялық кезеңдер аяқталды, — деп хабарлады басқарма.
Жобаны іске асыру нәтижесінде осы бағыттағы көлік қозғалысы жақсарады. Атап айтқанда, Ақмешіт және Түркістан көшелеріндегі қиылыстарды алып тастау жоспарланған. Бұл үздіксіз көлік қозғалысын қамтамасыз етіп, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды жақсарту және аумақты көгалдандыруға қосымша мүмкіндіктер жасау көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін тозығы жеткен көпірлерді жөндеу бойынша 5 жылдық жаңа бағдарлама іске қосылатынын жазғанбыз.