Астанада Алматы көшесінің бір бөлігі жыл соңына дейін жабылады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада көлік тоннелінің құрылысына байланысты Алматы көшесінің бір бөлігі бірнеше айға жабылады.

Фото: Kazinform

Қала әкімдігінің мәліметінше, «Алматы көшесі бойымен Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі учаскеде көлік тоннелін салу» жобасы аясында 20 маусымнан бастап жыл соңына дейін Алматы көшесінің Ақмешіт көшесінен Түркістан көшесіне дейінгі аралығы толық жабылады.

Сонымен қатар Алматы көшесінің Ақмешіт және Түркістан көшелерімен қиылыстары ашық күйінде қалады.

«Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады», – деп хабарлады әкімдік.

Қала билігі тұрғындарды қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескеріп, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауға шақырды.

Алматы көшесі бойындағы көлік тоннелі жобасы көлік ағынын оңтайландырып, жол кептелісін азайту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, Алматыда қоғамдық көлік қозғалысын жеделдету үшін арнайы жолақ ашылады.