Астанада Алматы ауданы әкімінің атынан ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және мүгедек балаларға арналған Жаңа жыл мерекесі өтті

АНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Алматы ауданы әкімінің атынан ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесі өтті.

Жаңажылдық кешке ауданда орналасқан барлық 33 орта мектепте білім алатын жетім, мүгедек бүлдіршіндер мен әлеуметтік көмекті үйлерінде алатын мүмкіндігі шектеулі барлығы 300 бала мен олардың ата-аналары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Түсіп Рысбеков жиналған қонақтарды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекелерімен құттықтап, оқуда озат, елінің елеулі де қалаулы азаматтары болып өсулеріне тілектестігін білдірді.

Мерекелік бағдарламаны Астана қаласындағы Жасөспірімдер театрының әртістері әзірледі. Балалар Аяз Ата, Ақшақар, ертегі және мультипликациялық фильмдердің танымал кейіпкерлерімен бірге қиял әлеміне саяхаттап, шат-шадыман болды. Іс-шара сондай-ақ музыкалық қойылымдарға, ән мен биге толы болды.

Кеш соңында әр бала сыйлыққа «тәтті» қалталар мен ойыншықтар алды.