Астанада алып лабиринт салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұздан жасалатын алып лабиринт EXPO аймағында орналасады. Бұл ақпаратты ұлттық компанияның өкілдері де растады. Алайда аталған жоба жергілікті биліктің есебінен салынады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, биыл Астанадағы ең үлкен мұз қалашығы EXPO аймағында орналаспақ. Қаланың бас шыршасы да осы жерде қойылады. Шыршаның алдында саxна, ал екі жағында үлкендерге арналған екі сырғанау төбешігі болады. Биіктігі бес метр, ал ұзындығы 40 метр болса, балалардың төбешіктері 14 метрге дейін созылады. Биіктігі 2,5 метрден аспайды. Бұдан бөлек, сан алуан мультипликациялық персонаждардың мүсіндері құйылады. Әлемге әйгілі Хрусталь қамалдың (Crystal Palace) көшірмесі де жасалады. Оның түпнұсқасы 1851 жылғы Бүкіләлемдік көрме аясында Лондонның Гайд-саяжайында салынған болатын.
 

"Ал амфитеатрға жақын жерде мұздан лабиринт жасалады. Ол бөлек тұратын шығар. Бұл жұмысқа Астана әкімдігі жауапты. Себебі биыл қаланың бас шыршасы да, мұз қалашығы да осы жерде орналасады", - дейді ұлттық компанияның өкілдері.

Эскизге сәйкес, лабиринт тосқауылдарының биіктігі 1,2-1,4 метр болады. Ал ауданы 40/40 метрді алып тұрады. Қақ ортасында EXPO-ның логотипі болады. Мұздың арасына диодты шамдар да орнатылады.

Айта кетейік, бүгін EXPO аймағында жебе пішіндес мұз айдыны ашылған болатын.  Оның астына тоңазытқыш құралдары орнатылды. Сөйтіп, жылы ауа-райына қарамастан, ашық аспан астындағы мұз айдынын ашуға мүмкіндік туды. Аталған жобаға 300 млн теңге жұмсалды. Кіру билеттері де арзан емес.