Астанада Әмбебап полицейлер дайындау жұмыстары басталды

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 шілдеде Астанада әмбебап қоғамдық тәртіп сақшысын дайындау мақсатында қызметтік оқу-жаттығу өтті.

Бұған 100-ден астам полиция қатысты, деп хабарлайды astana.kz.

«Бүгінгі іс-шара күзет-бекет қызметін жол полициясы қызметімен біріктіруге байланысты өтуде. Осыған орай Жол полициясы мен Күзет полициясы қызметкерлері үшін оқу сабақтары ұйымдастырылуда. Оның мақсаты жол полициясының қызметкері күзет қызметін нақты білуі, ал күзет полкінің қызметкерлері жол полициясының жол қауіпсіздігі ережелері мен көшелердегі көлік қозғалысын реттеуді, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтаумен айналысуды түсінуі керек», - дейді Астана қаласы Жол полициясы жеке батальонының штаб жетекшісі Бекзат Усманов.

Бірінші кезекте, Күзет полициясы Полкінің жеке құрамын кәсіби-автожүргізушілікке оқыту ұйымдастырылды. Бұған қоса, жол қауіпсіздігін реттейтін нормативтік-құқықтық базамен танысу жұмыстары жүреді. Бұдан әрі жол полициясы қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік кезінде қолданылатын міндеттермен таныстырылады.