Астанада азаматтарды медициналық ұйымға тіркеу туралы мәліметтерді қолдан жасау арқылы бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.
Тергеп-тексеруді ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті жүргізді.
— «Forte Clinic (Tumar)» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу мақсатында емханаға тіркелген азаматтар санын жасанды түрде көбейту схемасын ұйымдастырған.
Бұл схеманы жүзеге асыру үшін ол «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК қызметкерін тартқан. Ол қызметтік қолжетімділігін пайдаланып, жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған.
Нәтижесінде қолданыстағы ережелер бойынша мұндай тәсіл тек жекелеген санаттағы азаматтарға ғана қолданылатынына қарамастан, 15 мыңнан астам адам жазбаша өтініштер негізінде емханаға тіркелген, — делінген ҚМА хабарламасында.
Тексеру барысында басқа өңірлердің тұрғындарын, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден тыс жерге кеткен азаматтарды тіркеу фактілері анықталды.
Сонымен қатар клиника басшысы «Damu Med» ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің аккаунттарын әкімшілік өкілдерінің телефон нөмірлеріне байланыстырып, олардың есептік жазбаларын бақылауға алған.
Осы қолжетімділікті пайдалана отырып, заңсыз тіркелген азаматтарға медициналық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізіп, Қордан қаржы аударуға негіз қалыптастырған.
Салдарынан мемлекетке келтірілген залал 79 млн теңгеден асты.
Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Келтірілген залал толық көлемде өтелді.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетелік Атырауда хирург пациенттерден 8 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз алған деген күдікке ілінген еді.