Астанада АӨІСШК-ға мүше мемлекеттердің этномәдени бірлестіктерінің форумы өтуде
16:45, 01 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекеттердің этномәдени бірлестіктерінің форумы өтуде,
деп хабарлайды ҚақАқпарат.
Форумның негізгі мақсаты ? этномәдени саясат мәселелері бойынша АӨІСШК елдерімен тәжірибе алмасу, ұлысаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін насихаттау, мәдени-гуманитарлық саладағы Азия мемлекеттерінің әріптестігін кеңейтіп, халықаралық деңгейде мемлекет имиджін нығайту болып табылады.
Жиынды ашып сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысушыларды бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады. «Достықтың негізі ? түсіністікте, бірлікте, татулықта. Қазақстанның тәуелсіздік тарихы қоғамдық келісім мен бейбітшілікті нығайтудан басталады. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік өркениетке көпұлысты мемлекет ретінде ғана емес, халықаралық деңгейде көптеген ынтымақтастық ұйымдардың бастамашысы ретінде танылуда. Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, қай мемлекеттің болмасын әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қоғамдық тұрақтылығы, ұлысаралық жарасымдылық пен келісімі, рухани және діни саладағы түсіністік пен төзімділігі сол елдің өркендеуінің, гүлденуінің кепілі болып отыр. Сол тұрғыда көпұлысты, көпконфессиялы мемлекет ретінде тәуелсіз Қазақстанның тәжірибесі әлемдік қауымдастық тарапынан жай қызығушылық қана емес, қолдау тауып отыр. Сол себепті осы мәселені жан-жақты талқылап, тиісті ұсыныстар мен қорытынды жасау АӨІСШК-ке мүше мемлекеттердің өркендеу келешегіне өз үлесін қосады», - деді Е. Тоғжанов.
Жиынға қатысушылар Азиядағы мәдениетаралық үндесуді дамыту және оның басымдықтары мәселелерін талқылап, пікір алмасты. Сондай-ақ, ұлысаралық келісім мәселелерін реттейтін бірегей институт ретінде және қоғамда тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі жайында сөз болды. Форум жұмысына АӨІСШК ұйымына кіретін 14 елдің өкілдері, оның ішінде Әзірбайжан, Ауғанстан, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Иордания, Үндістан, Қытай, Ресей, Тәжікстан өкілдері қатысуда.