Астанада АӨСШК штаб-пәтерінің жаңа ғимараты салынады

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы уақытта елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің заманауи штаб-пәтері есігін айқара ашпақ. Бүгін ауқымды жобаның іргетасын қалау рәсімі өтті.

Бұл жобаның алғашқы алғышарттары осыдан екі жыл бұрын жасалған болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Астана қаласының әкімдігі штаб-пәтер ғимаратының құрылысына елорданың жаңа дамып келе жатқан және перспективалы бөлігінде жер учаскесін бөлген еді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті трансформациялау туралы шешімді іске асыру мақсатында АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай және «Sensata Group» компаниялар тобының басшылығы АӨСШК штаб-пәтері ғимаратының құрылысы туралы үшжақты меморандумға қол қойған-ды. Астана қаласының әкімдігі осы келісімнің тағы бір қатысушысы екенін атап өткен жөн.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бүгін жаңа ғимараттың іргетасын қалау рәсімінде АӨСШК хатшылығының болашақ қызметкерлеріне жолдау ретінде саналатын «уақыт капсуласы» салынды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Айта кетейік, ғимарат 4 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 4 мың шаршы метрді құрайды. Бұл ғимараттың басты артықшылығы көпфункционалды зал болады. Онда басқару органдары да, консультативтік сипаттағы органдар да бас қоса алады. Мұнда көптеген конференциялар, семинарлар, оқыту процестері өткізілмек.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«25 жылдан кейін әріптестеріміз бұл капсуланы ашып, ұйымымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныса алады деп үміттенемін. Менің ойымша, 25 жылдан кейін біздің ізбасарларымыз келесі 25 жылға өз жазбаларын жаза алады және бұл эстафета ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Ұйымның жұмысы жүйеленіп, дамудың даңғыл жолына түскенін көріп отырмыз. Бүгінде жаһанда Азияның рөлі айтарлықтай артып келе жатқанын атап өткен жөн», - деді АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтулы оқиғаның маңыздылығын атап өтті.

«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің жаңа дербес штаб-пәтерінің «алғашқы тасын қалау» рәсімі құтты болсын! Қазақстанның Азия кеңесін шақыру бастамасы, бүгін өзінің жаңа, мақтан тұтарлық қадамын басуда. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген Азия кеңесіне штаб-пәтерін салу бойынша тапсырмасының орындалуы және жеке қолдауының көрінісі. Осы ретте, Азия кеңесіне мүше мемлекеттердің және Бас хатшысы Қайрат Шораұлы басқаратын Азия кеңесі Хатшылығының қосыла жүргізген дәйекті жұмысына ризашылығымызды білдіреміз», - деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Айта кетейік, құрылысқа жауапты компания ғимаратты ең озық жасыл технологиялармен жабдықтауға уәде берген. Тіпті, жаңа штаб-пәтер Қазақстан астанасының сәулетіндегі көрнекті ғимараттардың бірі болатынына сендіріп отыр. Әзірге АӨСШК Астана халықаралық қаржы орталығында орналасқан.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform