Астанада апатты жағдайда тұрған 11 үйдің тұрғындары желтоқсанда жаңа баспанаға кіретін болады

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңында апатты жағдайда тұрған 11 үйдің тұрғындары жаңа баспанаға кіретін болады. Бұл туралы Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәлім етті.

«Дәл қазір елордада 6 тұрғын үй салынып жатыр. Онда барлығы 1,5 мың пәтер бар. Ағымдағы жылы біз 4 нысанды пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Сөйтіп, 15 желтоқсанға дейін апатты жағдайда тұрған 11 көппәтерлі үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілетін болады», - деп атап көрсетті С.Хорошун. Оның айтуынша, бүгінде тағы 5,5 мың пәтері бар 5 жаңа тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, апатты жағдайда тұрған үйлердің тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету бастамасы Астанада қанатқақты жоба ретінде іске асып жатыр.