Астанада «AQMOL» сауда желісі ашылады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар елордада жаңа сауда нүктелерін ашу арқылы тұрғындардың ауыл шаруашылығы тауарларына қолжетімділігін арттырмақ.


 Аталған шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс əкімінің баспасөз қызметіндегілер берген мәліметтерге қарағанда жобаны 2 кезең бойынша жүзеге асыру қарастырылған.

«Биылғы жылы Ақмола облысының бренд тауарлары Астанадағы үш сауда орнында сатылатын болады. Келер жылы көтерме жəне бөлшек сауда нүктелерінің санын 10-ға жеткізу көзделген», - деді «Есіл ƏКК» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қазбек Ескендіров.

Астанда алғашқы «AQMOL» сауда нүктесін ағымдағы жылдың қараша айында Р.Қошқарбаев даңғылында ашу жоспарланған.

Мұндағы əрбір сауда орнының көлемі 200-500 шаршы метр көлемінде болады. Дүкен сөрелерін жергілікті өніммен камтамасыз ету үшін бөлшек сауда орталығы құрылады.

«Онда тұрғындар еш қоспасыз сапалы өнім сатып ала алады», деді Қазбек Ескендіров.

Осы мақсатта «АҚМОЛ» сауда үйі» ЖШС құрылды. Оған «Родина» Агрофирмасы»ЖШС, «Ижевский» ӨК, Астана Агро Продукт» ЖШС, CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС, «Айна» Сауда үй»  ЖШС тəрізді сүт жəне сүт өнімдерін өндіретін өңірдегі кəсіпорындар кіреді.

«Алдағы уақытта тауар өндірушілер қатары артатын болады. Өзіміздің сауда желісін құру астаналықтарға сапалы əрі арзан бағамен өнім жеткізуге мүмкіндік береді", деп сөзін түйіндеді Қазбек Ескендіров.