Астанада әр жерге қоқыс тастап кететін 1,7 мың адамға айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада стихиялық қоқыстарды жою және рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгетіндерді жауапкершілікке тарту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Фото: t.me/astana_newss

Биыл қалада 56 стихиялық орын жойылды. Рұқсат етілмеген орындардан 47 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Жергілікті полициямен бірлесіп, құқық бұзушыларды анықтау бойынша тұрақты рейд жүріп жатыр.


Осылайша, жыл басынан бері 1700-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оның ішінде 134 құрылыс компаниясы мен 89 қызмет көрсету ұйымы бар.

Қоқысты жинау үшін экополигонға жақын аумақ белгіленді. Онда қалдықтарды уақытша алаңға қабылдау жұмысы жүргізіліп жатыр.


Аудан әкімдіктері мұнда 3600 тоннадан астам қоқыс жеткізді.

Бүгінгі күні елордада жұмыс істейтін құрылыс компанияларының бәріне құрылыс қалдықтарын «Солтүстік жотаға» және ҚТҚ полигонына жеткізу, құрылыс алаңдары аумағында қоқысты бөлек жинауға арналған контейнер орнату және онда экологиялық кодекс талаптарының сақталуына қатысты хабарлама жіберілді.