Жарысқа Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан 40-қа жуық спортшы қатысып жатыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дүкетаевтың айтуынша, арбадағы теннис Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі саналады.
«Биыл арбадағы теннистен Қазақстан чемпионаты бесінші рет өткізіліп отыр. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама сапына енетін ең мықты спортшылар анықталады», – деді ол.
Чемпионат ерлер, әйелдер және аралас жұптар арасында Open және Quad санаттары бойынша өтуде.
Турнирде Астана қаласының намысын Дінмұхамед Әлияқпаров, Қайнар Нұрлыбек, София Степанова және Әлібек Әменов қорғайды.
Қазақстан чемпионаты 20 маусымға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша ел құрамасына шақырту алатын үздік спортшылар анықталады.
Айта кетейік, Азия біріншілігінде ел намысын қорғайтын теннисшілер белгілі болды.