Астанада «Армысың, әз Наурыз!» мерекелік шарасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 наурызда елорда тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатыса алады. Мереке қонақтарына ұлттық тағамдар ұсынылады, ұлттық спорт жарыстары, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Шараны ұйымдастырушы - Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы. 2015 жылғы 16 наурыз күні сағат 14.00-де Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ғимаратының алдында «Ұлыстың «Армысың, әз Наурыз!» шарасы өтеді. Киіз үй, алтыбақан құрылып, мереке қонақтарына наурыз көже, ұлттық тағамдар ұсынылады, көпшілікке арналған ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіледі және белгілі әнші Тельман Нұртай, «Дәуір», «Ай-ару» триолары т.б. өнерпаздар өнер көрсетеді. Іс-шараның екінші бөлімінде Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының сахнасында танымал дәстүрлі әншілер және эстрада жұлдыздары Ерлан Рысқали, Досымжан Таңатаров, Ардақ Балажанова, Қанат-Света Айтбаевтар, Клара Төленбаева ән шырқайды, «Серпер» республикалық домбырашылар тобы, «Гүлдер-ай» би ансамблі өнер көрсетеді, белгілі айтыс ақындары Иранғайып Күзембаев пен Мақсат Ақанов көктем айтысын және Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың әртістері көрініс ұсынады. Мерекелік думанға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйым және жастар қозғалыстарының, оқу орындарының өкілдері шақырылды.