Астанада әскерге шақырушыларға бабалар дәстүрі бойынша қылыш пен қалқан табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған «Айбынды жастар – Қазақстан тірегі» акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акция Республика күні қарсаңында ұйымдастылып отыр. Оған әскери қызметін аяқтаған сарбаздар мен әскерге аттанғалы тұрған жастар, сондай-ақ сала ардагерлері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Шарада сөз алған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов әскерге аттанғалы тұрған жастарға тілегін білдірді.

«Бүгінгі жастар – жаңа тарихтың құрдастары. Сіздер еркін елде туып өстіңіздер. Сіздерде барлық мүмкіндік бар. Еліміздің тарихы мен оның салт-дәстүрі – елімізді қорғайтын жастардың бағдары болуы тиіс. Отан қорғаушының барлық қызметін анықтайтын бір ғана жоғары санат бар – ол борыш. Одан жоғары ештеме жоқ. Қалғаны онымен байланысып жатыр», - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар шара барсында бабалар дәстүріне сай, әскери міндетін атқарып келген сарбаздар әскерге аттанғалы тұрған жастарға аманат етіп, қылыш пен қалқан табыстады.

«Шараның негізгі мақсаты – жастарға әскери-патриотизмді дәріптеу, көрсету, тәрбиелеу. Одан жастар өздеріне қажетті көптеген құнды мәліметтерді алады. Бұл акцияның күзгі әскерге шақыру кезеңімен тұс келіп тұрғаны оңтайлы болып тұр. Өйткені, қазіргі мектеп оқушылары, студенттер мен жастар – ертеңгі сарбаздар. Осы шара аясында еліміздегі әскери оқу орындары жастарға оқуға түсу тәртібі, оның болашағы туралы мәліметтерді беріп жатыр.

Акция барысында жаңа әскери салттың, дәстүрдің түрі – әскери қызметін бітіріп, елге оралып жатқан сарбаздар әскерге бүгін шақырылып жатқан жастарға өздерінің аманатын айтып, тілегін білдірді. Яғни, бабалар жолымен әскерге шақырылғандарға қылыш пен қалқан табысталды», - деп тоқталды ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Артықов.

Акция соңында әскери қызметін өтеу кезінде батылдығымен көзге түскен сарбаздар мен олардың ата-аналары марапатталды.