"Бүгін елордада жас жігіттерді әскер қатарына шақырып салу үшін жиналдық. Биыл әскер қатарына, Қорғаныс министрлігіне 1500 адам шақырылды. Барлығының білімдері жоғары, психологиялық тексеруден өткен. Арасындағы ең жақсылары бүгін сапта тұр", - деді ҚР Қарулы күштері Бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы Мұхамеджан Таласов.
Салтанатты шара «Отан Ана» ескерткішіне гүл себетін қойып, 1 минуттық үнсіздікпен басталды. Іс-шараға әскерге дейінгі және әскер жасындағы 2000-нан астам бозбала қатысты. Жалпы, биыл әскерге еліміз бойынша 1500 азамат шақырылса, оның ішінде 380-і Астанадан.
Шұғыл әскери қызметін өтеуге шақырылғандарды шығарып салу рәсімі «Астана жастары мен әскер - біртұтас» атты әскери - патриоттық акциямен жалғасын тапты. Акция барысында әскери техника, атыс қару-жарақтары, әскери киім үлгілерінің көрмесі өтті. Сонымен қатар, жас сарбаздар мен алаңға келушілер ҚР ҰҚК «Арыстан» арнайы жасағы, ҚР ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі, ҚР ҚМ «Қалқан» бірінші арнайы мақсаттағы десанттық шабуылдаушы батальоны арнайы оқу-жаттығу әдістерін көрсетті.
Сондай-ақ, алаңға келушілер әскери ботқадан дәм татты.