Астанада әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 2016 жылдың 26 қазанында Астана қаласы әкімдігінің алаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстанның әр азаматының борышы - ел қорғау!» атты салтанатты акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш акция аясында Қарулы Күштер қатарына мерзімді қызмет өткеру үшін шақырылған 72 бозбаланы шығарып салу рәсімі өтті.

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салуға оқу орындарының (мектептердің, колледждер мен лицейлердің) оқушылары, әскери-патриоттық клубтар мен үйірмелердің тәрбиеленушілері, ата-аналар мен қала жастары шақырылды. Салтанатты іс-шараға 4 000-нан аса адам қатысты.

Қонақтардың назарына құрмет қарауылы ротасының дефилесі, сондай-ақ, концерттік бағдарлама көрсетілді.

Азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылуының күзгі шақырылымы Қазақстанда 1 қазанда басталғанын естеріңізге сала кетейік.

2016 жылдың күзінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 1989-1998 жылы туылған азаматтар шақырылатын болады.