Шара төртінші мәрте ұйымдастырылып, дәстүрлі әрі халықаралық деңгейдегі фестивальға айналып отыр. Биылғы жылы әскери өнерпаздардың өнері Астана және Қазақстан полициясы күні мерекелеріне, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып, Астана әкімдігінің қолдауымен өткізілмек, деп хабарлайды astana.kz . Фестиваль аясында 10 әскери оркестр ұжымы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогы үшін шығармашылық өнерлерін ортаға паш етіп, бабы мен бағы келіскен өзара мықтыны анықтайтын болады. «Астана, саған арнаймыз!» атауымен өтетін фестивальде әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық әуезді әндер, дефиле шеруі, саптық концерт пен Отан қорғаушылардың қаруды қолдануының әсем көрсетілімдері қамтылмақ. Аталған шара әскери оркестрлердің өнерін жұртшылыққа кең көлемде насихаттауға, өнер ұжымдарының шеберлігін шыңдауға, әскери қызметтің беделін арттыруға және қазақстандық патриотизм рухын жандандыруға бағытталған. Мәдени-көпшілік шараға биыл еліміздің Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, сондай-ақ Ресей Федерациясы ІІМ Ішкі әскерлерінің «Солтүстік-Батыс» өңірлік қолбасшылығы штабының (Санкт-Петербор) оркестр ұжымдары қатысады.
05:22, 20 Маусым 2015
Астанада әскери оркестрлер фестивалінің плац-концерті өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 маусымда сағат 18.00-де Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери оркестрлер арасында «Әскери керней» фестивалінің мерекелік саптық концерті болады.