Астанада «Әскери-патриоттық әндер театры» байқауы басталды - BИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада оқушылар арасында «Әскери-патриоттық әндер театры» байқауы басталды.

Байқаудың негізгі мақсаты еліміздің әр өңірлеріндегі мектеп оқушыларының арасындағы талантты жастарды анықтап, оларды марапаттау. Шығармашылық жұмыстарын жұртшылыққа жариялап үлгі етіп көрсету. Жасөспірімдерді патриоттық тәрбиемен сусындатып, оларды егемен еліміздің ертеңгі тұтқасы болуға дайындау негізгі мақсат болып табылады.

«Бүгін осы байқауда жас балғын оқушылар көп болғаны қуантады. Неліктен дейсіз ғой? Себебі көптеген тарихшылар, әсіресе, батыс мамандары, сондай-ақ залым саясаткерлер мен жекелеген тұлғалар тарихты бұрмаламақ ниетте. Германияға шабуыл жасаған КСРО-ның өзі деп те жатыр. Бұл тіпті олай емес. Жастар білуі шарт, жеңісті біздің аталарымыз алып келді. Ол туралы қазір кейбіреулері ұмытуда. Ал сіздер біліп, мәңгі есте сақтауға тиіссіңдер», - дейді қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенов.

Байқау 2 кезеңнен - іріктеу және негізгі туралардан тұрады.

Бірінші турға мектеп, лицей, колледждердегі балалар және жасөспірімдердің барлық шығармашылық ұжымдары қатысады. Онда жас өнерпаздар әскери жылдардағы әндерді сахналайды. Олардың өнерлерін, вокалдық шеберліктерін, шығарманың жанрына сәйкес әртістік қабілеттерін, сондай-ақ киімдерін арнайы қазылар алқасы саралайды.

Іріктеуден бағалаудың барлық санаттарынан өткен 7 сахналық қойылым ғана 15 сәуірде өтетін негізгі турға жіберіледі.

Негізгі байқаудың қорытындысында ең үздік нөмірлер гала-концертке қатыса алады.