«ITECA» компаниясының сатылым бойынша директоры Борис Даниленконың айтуынша, «AstanaLeisure» көрмесіне қатысушылар жылдан жылға артуда және биыл 40 пайызға көбейіп отыр.
Бұл шара республиканың барлық өңіріндегі, таяу және алыс шет елдердегі туристік индустрия компанияларының басын қосатын ірі кәсіби туристік оқиға екендігін назарға алған Б.Даниленко, биылғы көрмеге 16 елден 100-ден астам компания келгенін айтты.
«Астанадағы туристік көрмеге Италия, Испания және Мексика сынды мемлекеттер алғаш рет қатысуда. Көрме Қазақстанның туризм индустриясын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», - деп атап өтті ол.
Аталмыш шарада соңғы туристік өнімдер, әуе компанияларының арнайы ұсыныстары және туристік нарықтағы мемлекеттік құрылымдардың қызметтері таныстырылады. Сондай-ақ ұлттық стендтер қойылған. Көрме аясында қазақстандық туристік ұйымдар өздерінің шетелдік әріптестерімен іскерлік келісімдер жасауға қол жеткізетін болады.
Көрмеде Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің стенді орталық стенді болып ұсынылған. Онда облыстық және Астана мен Алматы қалалары басқармаларының экспозициялары өңірлердегі ұлттық туристік әлеуетті көрсетуге бағытталған. Әрбір аймақтың шипажайлары мен демалыс орындары, жалпы туристік индустриялары жөнінде кең мағлұмат жинақталған.