Астанада асық атудан республикалық турнир өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 мамыр күні елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде асық атудан республикалық ашық турнир өтеді.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен республикалық Асық ату федерациясы ұйымдастыратын турнирде еліміздің әр облысы мен Астана және Алматы қалаларының командалары бәсекеге түседі. Жарысқа шетелдік командаларының да қатысуға мүмкіндіктері бар, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметінен.

Әр команда құрамына 3 адам кіреді: 16-ға толмаған ойыншы, 16-дан асқан спортшы және 1 жетекші. Ашық турнирге елімізге танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері де қатысады деп күтілуде.

Сайыс ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің 2011 жылы бекіткен «Асық ату ойынының ережесі» бойынша жүргізіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, қомақты жүлдеге ие болады. 1-ші орын үшін 300 мың теңге, 2-орынға - 200 мың теңге, 3-орынды иеленген жүлдегерге - 100 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі.