Астанада Ата Заңымыздың қабылданғанына 17 жыл толуына орай мерекелік концерт өтіп жатыр

АСТАНА.  30 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Ата Заңымыздың қабылданғанына 17 жыл толуына орайластырылған мерекелік концерт өтіп жатыр.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, концерттік бағдарлама Қазақстанның өткені мен қазіргі нақтылығын анықтайтын тарихи жолын көрсете отырып, жарқын болашағына бағыт жасайды.

Мұнда ел мерейінің асқақтауын тану, ел беделінің артуын қолдау идеясы бар. Сонымен қатар ел намысын қорғап жүрген еліміздің толағайларына деген ризашылықты көрсету болып табылады.
Атап айтқанда, концерттің ашылуы "Шаттық Отаны" шығармасынан басталды. Осыдан кейін "Дархан дала", "Қызыл бидай", "Сарбаз әні", "Қазақстан" және басқа да әндер орындалды.


Салтанатты концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, өнер қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Азамат Жылтыркөзов, Талғат Мұсабаев, республикалық конкурстардың лауреаты Нұркен Әшіров, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Бибігүл Жанұзақ, Айдос Жабағин, Мейір Байнешов, Әсем Сембина, Ерлан Жандарбай, сондай-ақ қазақстандық эстраданың жас таланттары Маржан Арапбаева, Руслан Ахметов, «Жұлдыздар фабрикасы» және «Х-фактор» жобаларының қатысушылары және Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі мен хоры, Б. Байқадамов атындағы хор капелласы өнер көрсетуде.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Конституция күні аталып өтуде. 17 жыл бұрын, 1995 жылы бұл күні республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды, оған сәйкес ҚР президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып жарияланды, ал 30 тамыз мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып жарияланды.