Астанада атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып келеді
ҚР Әлеуметтік кодексінің 120 бабына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекті алуға жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын ҚР азаматтары, елде тұрақты тұратын қандастар, босқындар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар құқылы.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 мамырдағы №180 бұйрығы бойынша, АӘК алуға үміткерлердің жиынтық табысын есептеу кезінде табыстың мынадай түрлері ескеріледі – еңбекақы, әлеуметтік төлем түрінде алынатын кірістер, оның ішінде кейбір әлеуметтік төлемдер, 4 және одан көп баласы бар отбасыларға арнаулы әлеуметтік жәрдемақы, кәсіпкерліктен түсетін кіріс, жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын жалға берген және сатудан түскен кірістер, бағалы қағаздардан түсетін кірістер, жылжымайтын мүлік пен көлік және басқа мүлікті сыйға алу, мұрагерлік жолымен алынған кірістер, ақшалай салымдар мен депозиттерден сыйақылар.
«Биыл Астана қаласы бойынша кедейлік шегінің мөлшері 37 317 теңгені құраған. Жыл басынан бері елордада атаулы әлеуметтік көмек 2809 отбасына, яғни 13,8 мың адамға, оның ішінде 1361 көпбалалы отбасына (8,6 мың адам) тағайындалды», - деді А. Таласова Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Басқарма өкілі биыл АӘК алушылар саны 2019 жылмен салыстырғанда 2,3 есе (9,4 мыңнан 4 мың отбасына дейін) төмендегенін атап өтті.
Бір жастан алты жасқа дейінгі әр балаға қосымша ақы төленеді.
«Жыл басынан ақшалай төлем түрінде АӘК алушылар қатарынан 4562 балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде қолдау ретінде қосымша төлем белгілеу жолымен монетизация жасалды. Бұл АӘК алатын отбасыларға азық-түлік жиынтықтарын өз бетінше сатып алуға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасындағы кедейлік шегі мөлшерін мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай пайыздық мәнде жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейі негізінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды», - дейді спикер.
Астаналықтар АӘК тағайындау мәселесін қарау үшін Бейбітшілік көшесі, 14 мекенжайындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына жүгіну қажет немесе электронды үкімет порталы арқылы өтінім беруі керек.