Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ойын көрермендерін айтулы оқиғамен құттықтай отырып, мұндай ұлттық спорт түрін дамытудың маңыздылығын айрықша атап өтті.
Байрақты бәсекеде 11 мемлекеттің 33 спортшысы - Қытай, Ресей, Түркия, Венгрия, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия және Қазақстанның ат құлағында ойнайтын, саңлақ спортшылар қатысып, бақтарын сынады.
Чемпионат 70 келіге, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша сарапқа салынып, жүлде алған балуандар абсолютті чемпионы атағына таласты.
Бұл - салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алуға тырысатын қазақтың ежелгі ұлттық спорт түрінің бірі. Ат үстінде күресе білу үшін спортшыдан атты жақсы меңгеруімен қоса, үлкен күштілік, ептілік, төзімділік пен батылдылық талап етіледі.
Айта кетейік, ойын көрсетілімін 16-17 маусымда « KAZsport » телеарнасы эфирінен 21.00-де тамашалауға болады.
Турнирді ұйымдастырушылар - ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі. Бас демеуші «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, ал қолдаушылар: «Нұр Отан» партиясы және «EXPO-2017» халықаралық көрмесі.