Акция барысында Ауған соғысының мүгедектеріне және соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналарына 100 мың теңгеден ақшалай көмек берілді. Шараны өткізуге демеушілер қолұшын берген.
Астана қаласы «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұратбек Әміржановтың айтуынша, Астанада ұлдарын Ауған соғысында жоғалтқан осындай 12 ана мен 1 әке бар.
«Бүгінгі таңда елордада 1,3 мыңнан астам ардагер тұрады. Сұрапыл соғыс кезінде 17 жас жауынгер қаза тапты. Олар түлеп ұшқан мектептерде олардың құрметіне мемориалды тақталар орнатылды», - деп атап көрсетті ол.
Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңнан астам сарбаз қатысып, 924 боздақ ажал құшты. Ал 21-і із-түссіз жоғалып кетті.