Астанада Ауғанстаннан әскерлерді шығарудың 25 жылдығына орай интернационалист жауынгерлерді еске алу рәсімі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 25 жыл болды. 1979 жылғы 25 желтоқсаннан - 1989 жылғы 15 ақпанға дейін 10 жылға жуық уақыт бойы жауынгерлер Ауған аумағында интернационалдық борыштарын өтеді. Оған 22 269 қазақстандық қатысты, соның ішінде 924-і қаза тапса, 1015 мүгедек болып, 21 хабар-ошарсыз кетті.

Бүгін, 15 ақпанда барша Қазақстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерді еске алу рәсімдері өтіп, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Астана да тыс қалған жоқ. Күні бойы елордада бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ хабарлады.

Дәстүр бойынша бұл күні Ауған соғысының жауынгерлері, қаза болғандардың ата-аналары, достары, жақындары орталық мешітке және православ шіркеуіне барады. Сондай-ақ, еске алу күні аясында сағат 12.00-де Қ.Мұңайтпасов және Абылайхан даңғылының қиылысындағы Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист- жауынгерлерге арналған республикалық мемориалда іс-шара ұйымдастырылады.

Ал сағат 14.00-де Бейбітшілік және Келісім сарайында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен салтанатты концерт өтеді.

Аталған іс-шараға қаза болған жауынгерлердің туыстары, Ауған соғысының ардагерлері, түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ресми тұлғалар, елорданың орта және жоғары оқу орындарының оқушылары, Астана қаласында орналасқан әскери бөлімшелердің өкілдері шақырылды.