Астанада ауыр атлетикадан ел біріншілігі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты жалауын көтерді. 16-22 қараша аралығында өтетін ел біріншілігінде еліміздің 16 командасынан жиналған 165 қатысушы сегіз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, үздіктерді анықтайды, деп жазды informsports.kz.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Чемпионаттың ашылу салтанатына қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрхан зілтемір спортының ұлттық спорт жүйесіндегі маңызына тоқталып, елордалық ауыр атлетика мектебінің жетістіктерін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық ареналарда Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүрген жас спортшылардың табысы — жүйелі дайындық пен еңбектің нәтижесі.

Сондай-ақ ол Астана қаласының ауыр атлетика мектебінің өкілдері Едіге Емберді мен Аңсар Тұрсымбектің нәтижелеріне ерекше назар аударды. Үш дүркін әлем чемпионы Едіге Емберді 2025 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында абсолютті чемпион атанып, серпе көтеру мен қоссайыс бойынша құрлық рекордтарын жаңартқан. Ал Аңсар Тұрсымбек аталған додада екі күміс медаль иеленген.

Қала әкімінің орынбасары бұл чемпионаттың жас таланттар үшін тәжірибе жинақтап, әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін жеткізді.

Аталмыш бәсекеге тың мақсатпен келгендердің бірі — Едіге Емберді. Жас зілтемірші жақында өткен әлем чемпионатынан кейін жарыс тәжірибесін саралап, алдағы маусымға дайындықты жоспарлап отыр.

— Жақында әлем чемпионатына қатыстым. Өкінішке қарай, ойымдағыны іске арасыра алмадым. Сондықтан қазір Қазақстан чемпионатында бақ сынап, одан кейін аздап тынығып, келесі маусымға дайындықты бастаймын. Оған дейін он ай бойы оқу-жаттығу жиындарында болдым. Бәрі жақсы өтті, — дейді ол.

Едіге биыл 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүр. Оның сөзінше, жаңа салмақ санатына бейімделу белгілі бір уақытты талап етеді. Соңғы турнирде жұлқа және серпе көтеру жаттығуларында кеткен қателіктерді түзету алдағы жұмыстың негізгі бағыты болмақ.

— Жаңа салмақ дәрежесіне ауысқаннан кейін бейімделу оңай болған жоқ. Соңғы сайыстарда екі жаттығу бойынша да кемшілік жібердім. Әлі де жетілдіру керек. Дегенмен, бұл тоқтап қалуға себеп емес. Алда үлкен міндеттер бар. Соның ең бастысы — Олимпиада ойындарының шыңын бағындыру, — деп атап өтті.

Спортшының айтуынша, ашылған жаңа жаттығу залы да зілтеміршілерге тың серпін беріп отыр. Заманауи нысан атлеттердің шеберлігін шыңдап, қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Едіге Емберді келер жылы Ташкентте өтетін 2027 жылғы Азия чемпионатына қатысуды көздейді. Бұдан бөлек, әлем чемпионаты мен әлем кубогы да бар.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында ерлер 60, 65, 70, 75, 85, 95, 110 және 110 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде өнер көрсетеді. Әйелдер арасында 49, 53, 57, 61, 69, 77, 86 және 86 келіден жоғары санаттар бойынша жүлделер сарапқа салынады.

Айтап кетейік, ел біріншілігіне 20 команданың құрамында 200-ге жуық спортшы қатысады.