Астанада ауруханаға жатқызылған 5 жастағы қыздың туыстарына іздеу салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана білім басқармасы ауруханаға жатқызылған бес жасар қызды үйіне жіберу мәселесі бойынша жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, Қазақстанда заң бойынша әрбір бала отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығына ие. Сонымен қатар қамқорлықсыз қалған балаларды үйге орналастырудың отбасылық формасына басымдық беріледі.

«Имираль Сәдуақасова ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандықтан (анасы тергеу изоляторында, әкесі белгісіз), қазіргі кезде баланы үйге орналастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр, яғни анасы жағынан туыстары іздестірілуде», - дейді ол.

Ә. Жанғозин білім басқармасы бұл мәселенің ерекше қадағалауда екенін тілге тиек етті.

«Қызға міндетті түрде әлеуметтік көмек және қолдау көрсетіледі», - деді ол.

Еске сала кетейік, 3 наурыз күні Қуат Ахметжанов Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Фейсбуктегі парақшасында ұрып-соғу белгілерімен №2 қалалық балалар ауруханасына түскен кішкентай қыз туралы WhatsApp мессенджерінен келген хабарлама мен суретін жариялаған болатын.

Ауруханадағылар қыздың есін танитынын айтады. Денесінің көгерген жерлері бірте-бірте айығып келеді. Бала ойнайды, ыстығы көтерілмеген, сұрақтарға жауап береді, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Соққыға жығылған бес жасар қыздың тағдырын Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент депутаты Зағипа Балиева өз бақылауына алды.

Фото: 42.rodina.news