Астанада аутизм тақырыбындағы алғашқы спектакльдің тұсаукесері өтті

Фото: Сенат

АСТАНА. KAZINFORM — «ÖzgeEpic» креатив хабында аутизм тақырыбына арналған еліміздегі алғашқы сахналық қойылым — «Құштар» спектаклінің тұсаукесері болды.

Қойылым психологтер, инклюзивті білім беру мамандары, әлеуметтанушылар мен заңгерлердің қатысуымен, әлеуметтік және ғылыми деректерге сүйене отырып жасалған.

Фото: Сенат

Актриса Гүльмира Жакилина спектакльдің идеялық салмағы мен дайындық барысы туралы айтты.

— Зерттеуден кейін актерлерді жинап, дайындық кезеңін бастадық. Аутизм диагнозы бар балалар мен олардың ата-аналарына қоғамның жылы қабақ танытуы — біздің басты миссиямыз. Біз жасаған ісіміз кішкене болса да әсер етсе екен дейміз, — деді ол.

Спектакльде ерекше баланың рөлін сомдаған актер Марғұлан Нашанов бұл тақырыптың ауыр болғанын жеткізді.

Фото: Kazinform

— Қиын сәттері көп болды. Ең бастысы — қабылдау қиын. Бірақ дайындық кезінде ата-аналардың өмірлік тәжірибесі бізге көп көмек болды. Аутизм — ауру емес, әлемге басқа қырынан қарау деп білемін, — деді актер.

Қойылымның режиссері Шырын Мұстафина бұл туындының кәсіби жолындағы ерекше белес екенін атап өтті.

— Бұл тақырып бізге басқа әлемді танытты. Әрбір дайындықта актерлер кейіпкерлерін жүрекпен сезінді. Мен өзім де реабилитациялық орталықтарға барып, балаларды зерттедім. Олардың әлемін түсіну — спектакльдің өзегі болды, — дейді режиссер.

Премьера соңында көрермен қойылым тақырыбы бойынша талқылауға қатысып, қоғамдағы инклюзия мен түсіністік мәселелерін бірге саралады. 

Фото: Сенат

Жоба «ÖzgeEpic» креатив хабының, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» түлектері бірігіп құрған Creativity Support Team — Креативті қолдау тобының бастамасымен жүзеге асқан.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабайдың айтуынша, жобаның дайындық кезеңі 8 айдан астам уақытқа созылып, 20-дан астам түрлі саланың мамандары қатысты.

Айта кетейік, Астанада аутизммен ауыратын 2000-дай бала бар.