Астанада аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Аутизм». Әлем баршаға ортақ» бағдарламасы аясында аутизмге шалдыққан балаларға арналған «Асыл Мирас» орталығы ашылды. Бұл - Қазақстандағы осындай екінші орталық.

Осы дертке шалдыққан балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсететін бірінші орталық биыл маусым айында Алматыда ашылған болатын. Салтанатты шараға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары Салидат Қайырбекова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінен.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев: «Бірінші кезекте «Асыл мирас» қорына үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл тек асталықтар үшін ғана емес, балалар мен ата-аналар үшін де өте маңызды мәселе. Бүгін Астанада екінші орталық ашылып жатыр. Қордың келесі орталығы, менің білуімше, Өскемен және Қызылорда қалаларында ашылады. Балалардың өмірге оралуы, өзінің қатарластармен бірге тіршілікке ілесіп кетуі - бұл маңызды рухани оқиға», - деді.

Бүгінде Астанада 200-ге жуық бала аутизм ауруына шалдыққан, Қазақстан бойынша 1,5 жуық бала есепте тұр.

«Аутизм». Әлем баршаға ортақ» бағдарламасының негізгі мақсаты аутизмге шалдыққан балаларды ерте анықтау, оңалту, инклюзивті білім беру және әлеуметтік интеграция жолымен - диагноз қойылғаннан бастап қоғамдағы жеке өміріне дейін қалыптастыру болып табылады.

Оңалту курсы 6 айға созылады. Бір жылдың ішінде 180 балаға кешенді көмек көрсетіледі. Орталық аутизмді коррекциялаудың екі әдістемесіне негізделген бірыңғай коррекциялық бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Біріншісі - баламен бірге оның әлеуметтік-коммуникативтік және танымдық, сөйлеу сферасымен және күнделікті өмірдегі қажетті дағдыларымен жұмыс істеуді көздейтін классикалық әдістеме.

Сондай-ақ «ABA терапия» әдістемесі қолданылады. Ол сөйлеу дағдылары мен жүріс-тұрыстағы негізгі дағдыларды бағалауға құрылады.