Астанада ауыл әйелдерінің форумы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2008 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі бойынша ауылды жерлерде әйелдердің жағдайын жақсарту резолюциясы аясында 15 қазан Халықаралық ауылдағы әйелдердің күні ретінде атап өтіледі. Осы орайда бүгінде елді мекендердегі нәзік жандардың жағдайы туралы және оларды қолдауға қатысты қандай шаралар қабылданып жатқандығы жөнінде «Expo&Women» халықаралық ұйымының атқарушы директоры Ләззат Асқарова баяндап берді.

- Ләззат Қажытайқызы, соңғы жылдар бұл мейрам бізде де аталып жатыр. Қазақстандағы әйелдер үшін осы атаулы дата қандай маңызға ие болуы тиіс?

- Осы мейрам күнін атап өту - ауыл әйелдерінің көпқырлы рөлін қолдау болып отыр. Өткен жылы ауыл әйелдерінің республикалық форумын жыл сайын өткізетінімізді жарияладық. Бұл шара бір айдан кейін өтетін болады.

- Ендеше, дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- Барлық облыстарда делегациялардың сапалы құрамын қалыптастыру шаралары белсенді түрде атқарылуда. Олардың құрамына ауыл өміріндегі түрлі салалардың өкілдері енеді. Осы орайда аудан мен ауылдық округтердің әкімдері, фермерлік шаруашылықтар басшылары, ШОБ жетекшілері, әлеуметтік мекемелер директорлары, ауылдық ҮЕҰ өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары және басқалары қамтылады. Әрбір делегацияны облыс әкімінің орынбасары бастап келеді.

- Осы форум өткізудің ең басты мақсатына тоқталсаңыз?

- Форумның басты мақсаты - ауыл әйелдері қол жеткізген жетістіктерді көрсету. Рухани жаңғыру міндеттерін, Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі тұжырымдамасын жүзеге асыруға қосқан үлестері ескеріледі. Осының барлығын қамти отырып, форумның негізгі контенті құрылды. Талқылауға енгізілген негізгі тақырыптарға тоқталсақ, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту проблемаларын шешу, ауыл шаруашылығы туарларын өндірушілерді қолдау, АӨК-те жасыл технологияларды қолдану тәжірибесі, тұрақты ауыл моделін құру, жергілікті деңгейдегі сайлауға әйелдердің қатысуына дайындық жүргізу секілді бағыттар қарастырылады.

- Нәзік жандарға қандай тосын сый даярлап отырсыздар?

- Биыл ауылдық жерлердегі 10 әйелдің әрқайсысы жаңа бизнесті құруға немесе екі жылдан аспаған уақыттан бері тұрақты істеп тұрған кәсіпкерлігіне 4 000 АҚШ доллары көлемінде грант алады.

Ең басты талап ретінде инновациялық, тиімділік және бизнестің экологиялық тазалығы жағдайлары ескеріледі. Сонымен қатар, форумда әр облыстан келген бір қатысушы «Менің табыстылығымның тарихы» аталымында сөз сөйлейді. Бүгінде ауыл әйелдері көпбейінді фермерлік шаруашылықтарды құруда, сондай-ақ қайырымдылық шараларымен айналысуда, қоғамдық бірлестіктерге жетекшілік етуде.

- Өңірлерде және ауылдардағы гендерлік теңдікке қатысты не айтар едіңіз?

- Біз шағын талдау материалдарын жинақтауға тырыстық. Осы орайда барлық облыстардағы 985 ауылдық округтің ішінде 171-ін, яғни 17,1 пайызын нәзік жандылар басқарып отырғанын анықтадық. Жалпы, бұл көрсеткіштер бізді қуантып отыр.

Енді облыстар бойынша мәліметке тоқталып өтейін. Ауылдық округтерде әкім лауазымындағы әйелдердің 49-ы (22%) Ақмола облысында, 26-сы - СҚО-да, сондай-ақ Павлодар облысында - 18-і, Ақтөбе облысында - 17-cі, Қостанай облысында - 16-сы анықталды.

Өкінішке қарай, Жамбыл облысында ауылдық округте әкім қызметінде бір ғана әйел бар, сондай-ақ Маңғыстау және Қарағанды облыстарында да осындай жағдай. Ал Қызылорда облысында үшеу болса, Атырау облысында бұл көрсеткіш бесеуге жеткен. Ең қуантарлығы - осы ауыр міндетті өзіне алған әйелдердің арасында өте жас мамандар да бар.

28 жастағы Әзиза Ыбраева есімді ең жас ауылдық округ әкімі Павлодар облысы Железин ауданында қызмет етуде. Осындай көшбасшы әйелдер үшін және бұл жұмыстарға дайын қыздарымызға арнап стратегиялық ерекше сессия өтеді.

Қатысушылар саяси, экономикалық, әлеуметтік қызметтегі көшбасшылық туралы ақпарат алып, әйелдердің мансаптық өсуіне қатысты дәріс оқылады. Форумның барлық шаралары туралы және біздің ұйымның қызметіне байланысты мәліметті expoandwomen.com ақпараттық ресурсынан біле аласыздар.

- Форумнан қандай нәтижені күтіп отырсыздар?

- Ең басты нәтиженің бірі ретінде ауыл әйелдері мүддесіне ұлттық іс-қимылдар стратегиясы үшін ұсыныстар әзірлеу болады. Бұл бағыттағы мақсат оңай емес, алайда ол әлемдік трендтерге сәйкес келеді, оның ішінде БҰҰ бағдарламасының үдесінен шығады. Айта кетейін, 2019 жылы сәуірде Австралияда өтетін Дүниежізілік ауыл әйелдері форумына қатысуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Beijing Expo-2019 халықаралық көрмесінің шараларына барамақпыз, яғни ондағы негізгі тақырыптардың бірі органикалық ауыл шаруашылығына арналған. Менің ойымша, бұл шаралар әйелдерге табысты жұмыстары үшін жақсы ынталандырушы қадам болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Автор: Гүлмира Сарбасова