Астанада ауыл әйелдерінің V форумы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 11 қараша күні елордада Қазақстан ауыл әйелдерінің V республикалық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бесінші форум ауылдағы әйелдердің кәсіпкерлігіне арналады және жиынды отандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен өтетін «Орта Азия Әйелдері» сессиясы ашады.

«Биыл форум бесінші рет ұйымдастырылады. Оған дайындық ретінде әр өңірде облыс әкімдіктері тарапынан іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Әр облыстан 10 әйел қатысады, оның ішінде дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, ауыл шаруашылығымен айналысатын қызметкер, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері де бар. 17 өңірден 170-ке жуық әйел қатысады. Одан бөлек, биыл 20 әйелге марапат беріледі. Форум аясында әртүрлі мәселелер талқыланады. Мысалы, кәсіпкерліктен бөлек, ауылдағы жағдайды қаламен салыстыруға болмайды. Инфрақұрлым, білім деңгейі, ақпараттың баяу жеткізілуі сияқты мәселелер бойынша пікірталас ұйымдастырылады. Форум қорытындысы бойынша үкіметтік ұйымдар үшін қарар қабылданады», - деді «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Форумды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсинаның айтуынша, елдегі әйелдердің жартысына жуығы ауылда тұрады.

«Қаладағы әйелдермен салыстырғанда оларға ақпаратқа қол жеткізу қиынырақ. Ауыл әйелдерінің әлеуеті әлі толық ашылмаған немесе тиімсіз, ұтымсыз пайдаланылып келеді. Ауылдағы әйелдердің еңбегі күрделі, оларға жаңа технологиялар,»жасыл«шешімдер жетіспейді», - дейді М. Айсина.

Бағдарламаға сәйкес форумның бірінші күні ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өкілдерінің, бейінді министрліктер басшылығының және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Гендерлік теңдік контекстіндегі ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігі» атты пленарлық отырыс өтеді.

Сонымен бірге, форумда «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері»/«100 истории успеха» кітабының төртінші басылымы көпшілікке таныстырылады.

«Coca-Cola белестері – 2022» кәсіпкерлікті жаңадан бастаған әйелдер арасындағы үздік бизнес-идея байқауының 20 жеңімпазын марапаттайды және Салтанат Рахымбекова атындағы грантты тапсыру рәсімі жоспарланған.

ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының, шетелдік қонақтардың қатысуымен «Орталық Азия әйелдері: мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді сақтай отырып, табысқа және гендерлік теңдікке қол жеткізу» атты панельдік (Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан) сессия өтеді.

Түстен кейін форумда «Қазақстандағы ауыл кәсіпкерлігі: проблемалар, перспективалар және әйелдердің рөлі», «Ауылға арналған «жасыл» шешімдер», «Ауылдағы өмір сүру жағдайлары: бірлескен күш-жігермен ауылды қалай жақсартамыз?» тақырыптары көтеріледі.

Сараптама алаңдарында ауылдағы кәсіпкерлік мәселелері және мемлекеттік қолдау шаралары, ауылдағы тұрмысты қамтамасыз етудің заманауи инфрақұрылымын құру, инфрақұрылымдық проблемалар, су ресурстары, климаттың өзгеруі қаралады.