Астанада ауыл жастары мен оралмандарды әлеуметтік бейімдейтін қызмет жұмыс істей бастады

АСТАНА. Қарашаның 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада ауыл жастары мен оралман қандастарымызды әлеуметтік бейімдейтін қызмет жұмыс істей бастады.

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында аталмыш жобаны жүзеге асырушы Гүлден Рақымжанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Г.Рақымжанованың атап өткеніндей, «Ауыл жастары мен оралмандарды әлеуметтік бейімдеу қызметін құру» жобасын Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Азаматтық бастамаларды дамыту» қоғамдық бірлестігі Астана қаласы ауыл жастарының одағымен және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Бүгінде Жеңіс даңғылы, 48 мекен-жайында орналасқан Орталықта ақысыз негізде орыс тілі мен компьютерлік сауаттылыққа үйрету сабақтары өткізілуде. «Алдағы уақытта психологиялық тренингтер, заң мәселелеріне қатысты кеңестер мен шеберлік сабақтар өткізілетін болады. Сондай-ақ Орталықта сенім телефоны жұмыс істейді (7172 393809). Курс соңында арнайы сертификаттар берілетін болады», - деп атап өтті ол.

Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында жүзеге асырыла бастаған жобаның алғашқы ілкі жобасы желтоқсан айында аяқталады. Ұйымдастырушылар қаржылық мәселелер шешілген жағдайда оның екінші кезеңін іске асыруды көздеп отыр. Себебі, жоба жастардың аталмыш контингенті арасында қызығушылыққа барынша ие.

«Үлкен қалаға келген жас қандай да болмасын және кімнен болмасын көмекті қажет етеді. Себебі, олар біріншіден, екі тілді (ред. - орыс және қазақ тілдерін) бірдей жетік меңгермеген болса, екіншіден, Астананың қарқынды тіршілік қозғалысына бірден бейімделе алмайды. Сондықтан, жастардың үлкен әрі бөтен қала өміріне сіңісіп кетуі үшін бұл жобаның пайдасы зор», - деді С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майер.

Айта кетейік, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да барлығы 6 мың 500-ден астам студент білім алса, оның 3682-сін ауыл жастары құрайды. Оның ішінде өзге елдерден келген 100-ден астам қандасымыз бар.