Астанада ауыстыруды талап ететін 280-нен астам лифті бар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада күрделі жөндеуді қажет ететін 175 көппәтерлі тұрғын үй мен ауыстырылуы тиіс 280-нен астам лифті бар. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған «Астана қаласының тұрғын үй қорын реновациялау және модернизациялаудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында» жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде елорда аумағында 3 309 көппәтерлі тұрғын үй бар. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде 2011 жылдан бастап оның 202-сі жөнделді, 175 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, Астана қаласы бойынша 10 324 лифт жұмыс істейді. Оның ішінде 272 лифт ауыстырылды. Бүгінгі күні 288 лифтіні ауыстыру талап етіледі, - деп мәселе көтерілген Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.

Қоса кетсек, бұған дейін елордадағы тұрғын үй қорын реновациялау және модернизациялау бағдарламасы аясында бас шаһардың бірнеше ауданындағы үйлерді таяу арада сүру жоспарланғанын жазып едік.