Астанада ауызсудан А гепатитінің таяқшалары табылғандығы туралы ақпарат жалған болып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Whats App арқылы таралған жалған ақпарат елорда тұрғындарының зәресін ұшырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Суды әзірге қайнатылғаннан кейін ішіңіздер, су тасқыны салдарынан судан А гепатитінің таяқшалары мен дизентерия табылған. Жемістерді де, тісті де қайнатылған сумен жуыңыздар. Ақпарат шындыққа жанасады. Бүгін санэпидстансадан эпидорта туралы анықтама қағазын алдық, ол жерде барлығы расталды!!!», - делінген аталмыш ақпаратта.

Астана қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен «Астана Су Арнасы» бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды және қала тұрғындарынан алаңдамауды сұрайды. Ақпарат жалған болып табылады.

«Құбырдағы судың сапасы «Астана су арнасы» мен «Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің» ведомстволық зертханасының жіті бақылауында. Астананың су сорғыш-сүзгіш стансасында жұмыс тоқтаған емес: су хлорланып, коагуляцияланады, тұндырылып, сүзгіден өтеді, сосын тағы хлорланады. Құбырдағы ауызсудың сапасы барлық кезеңдерде тексеріліп отырады. Ауызсуға қойылатын негізгі талаптар, оның эпидемиологиялық тұрғыдағы қауіпсіздігі, токсикологиялық тұрғыда зиянсыздығы, органолептикалық тұрғыдағы оң көрсеткіштері мен шаруашылық қажеттіліктерге жарамдылығы болып табылады. Талдау жүргізілгеннен кейін, ауызсу сапасының барлық параметрлері ГОСТ талаптарына және санитарлық ережелерге сай келеді», - делінген «Астана Су Арнасы» таратқан хабарламада.

Өз кезегінде Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары елордада ауыр ішек аурулары мен А гепатиті бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты екендігін айтуда. Олардың сумен қамтамасыз ету жүйелерімен байланысы жоқ.

Мамыр айында судың 152 сынамасы алынған. Оның барлығынан талапқа сай емес су сынамасы табылмаған.